РУС   ENG

X «Еуразия»: Төртінші күн

Автор: Пресс-служба on . Posted in 2023

Мерейтойлық оныншы «Еуразия» ХКФ аяқталуға жақын қалды. Дәл ертең халықаралық байқау қазылары, ФИПРЕССИ және НЕТПАК қазыларының мүшелері жеңімпаздардың есімдерін атайды.

Фестивальдің төртінші күні негізгі байқау қатысушылары қатысқан баспасөз конференциясынан басталды. «Оның жанында» картинасының режиссері Асаф Кофман режиссер ретінде өзін жұбайының арқасында көрсеткенін айтып берді. Актриса Лирон Бен-Шлаш фильмде басты рөлдердің бірін ойнап қана қоймай, «Оның жанында» фильміне сценарий жазуда идея авторы болды. Сонымен қатар картина Израильдің ұлттық прокатына осы жылдың желтоқсанында шығатынын айтты.

Эстондық продюсер Иво Фельт баспасөзбен түрлі халықаралық кинофестивальдерде 12-ге жуық марапатты алып үлгерген «Мандариндер» картинасының түсірілу тарихымен бөлісті. Эстондық және грузиндік кинематографистер арасындағы темперамент айырмашылығына қарамастан, түсіру алаңында тату атмосфера орнағанын айтты.

Қазақстандық «Дала үні» картинасының түсірушілері режиссер Ермек Шынарбаев, монтаждаушы Эрве Шнайд және режиссерлердің бірі Виктория Якубова Жерар Депардьемен бірге жұмыс істеуден алған әсерлерімен бөлісті. Атап айтқанда, Ермек Шынарбаев месье Депардьенің картинаның толыққанды режиссерлерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, режиссер Жан-Пьер Жене және Ларс фон Триер сияқты режиссура шеберлерінің картиналарымен айналысқан Эрве Шнайд сияқты көрнекті монтаждаушымен жұмыс істеу үлкен мәртебе екенін мойындады.

«Тастағы естеліктер» картинасының түсірушілері продюсер Мехмет Актас пен актер Суат Уста да өз картиналарының түсірілімі бойынша егжей-тегжейлі есеп беріп, Солтүстік Ирактағы киноөндіріс және прокат жағдайын айтып берді. Баспасөз конференциясы кезінде тілшілермен заманымыздың ең беделді режиссерлерінің бірі Сергей Соловьев, кезінде оның шәкірті болып, қазір қазақстандық кинематографтың өздерін мойындатқан режиссерлеріне айналған, қазақ «жаңа толқынын» құрған Дәрежан Өмірбаев, Рашид Нұғыманов, Ардақ Әмірқұлов, Мұрат Мусин, Сәбит Құрманбеков, Талғат Теменов, Әмір Қарақұлов және кинотанушы Бауыржан Нөгербек кездесті.

Режиссерлердің әрқайсысы Сергей Соловьевтің шеберханасына қалай келгенін айтса, Сергей Александровичтің өзі қазіргі кинематографқа қатысты өз пікірімен бөлісті, өзінің ең танымал картиналарының жасалуы мен Виктор Цоймен бірінші кездесуі жайлы әңгімеледі.

Бұл күнгі баспасөз конференциялары қатарын ресейлік кино жұлдыздары Александр Панкратов-Черныймен және Владимир Стержаковпен кездесу тұйықтады. Александр Васильевич тілшілерге өзінің жаңа және бұрынғы жұмыстарын айтып, Сатыбалды Нарымбетовтің өзі басты рөлдердің біріні сомдаған «Омпа» картинасының түсірілімі кезін сағынышпен еске алды. Владимир Стержаков болса «Валерий Харламов: қосымша уақыт» картинасындағы аты аңызға айналған бапкер Анатолий Тарасовтың рөліне қалай дайындалғанын және атышулы «Маргоша» сериалының актерлері жұмыс жасауға мәжбүр болған адам төзгісіз жағдайларды баяндады.

Дәл сол күні Рашид Сүлейменовтің «Үйге барар жол» картинасының және «Пьер Риссьен: кино адам» деректі фильмінің тұсауы кесілді, ал Олег Борецкийдің киноклубында режиссер Коста-Гаврас көрерменге өзінің соңғы жұмыстарының бірі «Жұмақ Батыста» фильмін ұсынды.