РУС   ENG

Қарқынды дамушы қазақ киносы

«Еуразия» халықаралық кинофестивалі негізі қаланған сәттен бастап, көптеген кинофорумдардан өзінің көпміндеттілігімен ерекшеленді. Атап айтқанда, «Еуразияның» басты мақсаттарының бірі Қазақстанның киноиндустриясына көрерменнің және кәсіпқой мамандардың назарын аудару болып табылады. Жыл сайын «Қарқынды дамушы қазақ киносы» байқаудан тыс бағдарламасы залға лық толған көрермендермен өтетіні кездейсоқ емес. Дәл осы бағдарлама көрерменге отандық кинематографты жан-жақты тануға мүмкіндік береді. Оның ішінде авторлық еңбектер де, мэйнстрим де бар.

Биыл «Қарқынды дамушы қазақ киносы» бағдарламасына алты картина кірді, олардың екеуін көрермендер алғаш рет көреді. Атап айтқанда, Нариман Төребаевтың «Шытырман оқиға» картинасы бұған дейін Карловы Вары кинофестивалінде бар болғаны бір-ақ рет көрсетілді, сол себепті де «Еуразия» аясындағы көрсетілімді эксклюзивті деп атауға болады.

«Қарқынды дамушы қазақ киносы» бағдарламасындағы екінші тұсаукесер қазақстандық кино жұлдыздары Санжар Мәдиев пен Аружан Жазылбекованың қатысуымен түсірілген Рашид Сүлейменовтің «Үйге іссапар» картинасы болмақ.

Жоғарыда аталған картиналардан басқа байқаудан тыс бағдарламаға қазақстандық прокаттан сәтті өткен үш картина енді. Олар Сәкен Жолдастың «Сен және мен», Асқар Ұзабаевтың «Осторожно, корова!» және Ермек Тұрсыновтың «Кемпір» фильмдері.

Авторлық кинематограф саласы «Шытырман оқиға» фильмімен қатар бірегей шығармашылық тәжірибе – бір кадрмен түсірілген алғашқы қазақстандық толықметражды картина Алексей Горловтың «Бір кемпірдің хикаясы» арқылы таныстырылады.

«Қарқынды дамушы қазақ киносы» бағдарламасының аясында келесідей картиналар көрсетіледі:

  • Үйге іссапар, реж. Рашид Сулейменов
  • Шытырман оқиға, реж. Нариман Туребаев
  • Осторожно, корова, реж. Аскар Узабаев
  • Сен және мен, реж. Сакен Жолдас
  • Бір кемпірдің хикаясы, реж. Алексей Горлов
  • Кемпір, реж. Ермек Турсунов