РУС   ENG

Лебіздер

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Х «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің қатысушылары мен қонақтарына айтқан лебізі

Құрметті өнерсүйер қауым! Қадірлі қонақтар!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында, біздің еліміз әлемдік көлеміндегі іс-шараларды өткізетін маңызды платформаға айналып отыр. Мәселен, саяси және экономикалық мәні бар оқиғалар тұрғысындағы – ОБСЕ саммиті, әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, Астана ЭКСПО-2017, болашаққа бағытталған инновациялық технологиялар көрмесі де аса маңызды әлемдік іс-шаралардың бірі де бірегейі екені рас. Бұл тұста бүгінгі Қазақстанның абырой-беделін, танымдылығын арттыратын мәдени-рухани іс-шаралардың да алатын орны ерекше.

Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі осындай елеулі жобалардың бірінен саналатыны анық. Мәдени саясат – мемлекеттік стратегиялық басым бағыттамалардың бірі ретінде, қазақстандықтарды отаншылдыққа тәрбиелеуді көздейді. Сондай-ақ, әлемнің жетекші салалық ұйымдарымен ынтымақтаса отырып, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрін, тілін және мәдениетін дамыту арқылы ұлттық құндылықтардың негізін нығайтуға бағытталған.

Әлемдік мәдени мұраларды сақтауда ЮНЕКО-ның атқаратын ролі зор екендігін білеміз. Бүгінде аталмыш ұйым бітімгершілік және өркениеттік миссиясын орындау үдерісінде қазақ кинематографының мэтрі Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойын атаулы мерейтойлар күнтізбесіне енгізді.

Биылғы жылы «Еуразия» Халықаралық Х кинофестивалі көрнекті қайраткердің 100 жылдық мерейтойы аясында өткізілгелі отыр. Қазақ кинематографын әлемдік деңгейге шығарған осы бір ұлы адамның талантын фестиваль барысында барлық қырынан тани аласыздар деп ойлаймын. Фестивальдің барлық қонақтары мен қатысушыларына шығармашылық табыс тілеймін!


Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің «Еуразия» халықаралық фестивальіндегі сөзінің жобасы

Құрметті өнерсүйер қауым! Қадірлі қонақтар!

Сіздерді Х «Еуразия» халықаралық фестивальінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Алматы қаласының мәдени өмірі қашанда ауқымды және беделді іс-шараларға бай қала. Бүгінгі фестиваль халқымыздың көрнекті кинорежиссері, белгілі театр және кино актері Шәкен Аймановтың 100 жылдығын мерекелеу шеңберіндегі мерейтойлық шаралардың бірі болып отыр.

Сондықтан да бүгінгі халықаралық фестиваль - орны бөлек мереке.

«Еуразия» кинофестивальі алыс-жақын шет елдердің кино өнерін саралап, режиссерлардың еңбегін бағалап, үздік кинотуындыларды насихаттайтын аймақтағы бірден-бір фестиваль болып табылады. Танымал киносыншылар мен актерлердің, алдыңғы қатарлы режиссерлар мен кино жанашырларының басын қосатын бүгінгі фестиваль кино сүйер қауымы асыға күтетін шараға айналды.

Алматылықтар мен қала қонақтары фестиваль шеңберінде кино индустриясының тартымды туындыларын тамашалап, рухани рахатқа бөленетіні сөзсіз.

Фестивальда көрермен назарына ұсынылатын халықаралық туындылармен қатар отандық кино өнімдері де ел ықыласына бөленіп, жоғары бағаланып келеді.

Фестивальге қатысушы беделді сарапшылардың сынынан өткен үздік кинофильмдер халық көңілінен де шығып, кино өнерінің тарихында өз орнын иеленеді деп сенемін.

Осындай кинобайқауларды өткізу баршамызды жаңа бастамалар мен тың идеяларға жетелейді. Сыры мен сыны, мақсаты мен міндеті ерекше кино өнерін қолдап, отандық кино саласының одан әрі дамуына серпін береді.

Олай болса, бүгінгі фестивальға қатысушыларға шығармашылық табыстар, баршаңызға зор денсаулық, бақ пен береке, сарқылмас шабыт тілеймін!


«Қазақфильм» АҚ президенті Ермек АМАНШАЕВтың Х «Еуразия» халықаралық кинофестивалі қатысушылары мен қонақтарына айтқан лебізі

Құрметті кинофестиваль қонақтары мен қатысушылары!

Мерейтойлық Х Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жұмысына атсалысқандарыңыз үшін Қазақстан кинематографистері атынан және өз атымнан зор алғысымды білдіремін!

Кинофестиваль бұл мерейтойына табыспен жетті. «Еуразия» кинобайқауы FIAPF Кинопродюсерлер қауымдастықтарының халықаралық федерациясы тізіміне енген Орталық Азиядағы бірегей кинофестивальге айналды. Сондай-ақ, «International Film Guide» атты танымал басылым «Еуразия» кинофестивалін әлемдегі 35 беделді кинофестивальдің қатарына қосты. Бұл айтарлықтай үлкен жетістік.

Соңғы жылдары қазақ кинематографы жаңа сапалық деңгейге көтерілді және де әлемдік киноөндірістің жүйелік бір бөлшегіне айналды.

Бұл жетістігіміз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығының, тұрақты қолдауының арқасында жүзеге асты. Осындай ықылас – ұлттық кино саласының әрі қарай дамуына серпін беріп отыр.

Биылғы жылғы «Еуразия» кинофестивалінің басты оқиғасы – қазақ киносының негізін қалаушы көрнекті қайраткер, белгілі актер және режиссер Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойының салтанаты болмақ. Қазақ кинематографының майталманы Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы мерейтойлар күнтізбесіне енгізілді. Фестиваль аясында Ш.Аймановтың шығармашылығына арналған бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр, оның ішінде: рертроспективалық фильмдер көрсетілімі, кітап-альбом тұсакесері, «Шәкен Айманов: аңыз адам» деректі фильм тұсаукесері.

Бұл жылы фестивалдің алдын ала іріктеу кезеңіне 30 елден 200-ге тарта өтінім келіп түсті. Бұл жақсы көрсеткіш. Негізгі конкурсқа әдеттегідей 12 картина таңдалып алынды.

Сонымен қатар, фестиваль аясында байқаудан тыс: «Шәкен Аймановтың 100 жылдығына орай», «Қазақ киногерлерінің жаңа толқынына 30 жыл», «Кинокөпір: Батыс-Шығыс», «Бүгінгі корей киносы», «Қысқа метр түні», «Шәкен жұлдыздары» ХКФ ұсынады» және фестиваліміздің дәстүрлі – «Айрықша оқиға», «Бүгінгі қазақ киносы атты бағдарламалары ұйымдастырылып отыр.

«Еуразия» кинофестивалінің іскерлік іс-шараларының маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Мұнда қазақстандық киножобаларды әлемдік кинонарыққа, беделді кинофестивальдер мен кинофорумдарға шығару көзделген. Фестиваль жұмысына Еуропа мен Азияның белгілі киносыншылары, ірі халықаралық киноинституттардың өкілдері тұрақты қатысып тұрады.

«Еуразия» кинофестивалінің тұжырымдамасы – Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің аралығында орналасқан еліміздің геосаяси жағдайынан туындайды. Сондықтан да фестивальдің байқау бағдарламасы Еуропа мен Азияның, ТМД елдерінің таңдаулы кинотуындыларын ұсынады. Демек, біздің көрермендерімізді қызықты да үлкен кино мерекесі күтеді!

Фестиваль қатысушыларына шығармашылық табыс тілеймін!


ЮНЕСКОның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы Кластерлік Бюросы директоры Сергей Лазаревтің Х халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің қатысушылары мен қонақтарына арнаған лебізі

Құрметтті кинофестиваль қатысушылары мен қонақтары!

Алдымен барлықтарыңызды БҰҰ-ның 2022-2022 жылдар етіп жариялаған Мәдениеттер араласуының халықаралық онжылдығының тойлануымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл сөзсіз Қазақстанның үлкен жетістігі саналады, себебі 2010 жылы тойланған Мәдениеттер араласуының жылынан кейін аталмыш бастаманы көтерген Қазақстан болатын. Мәдениеттер араласуының халықаралық онжылдығы түрлі мәдениеттер, діндер мен өркениеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған әлемдік қауымдастықтың күш салуын ары қарай дамытуға септігін тигізеді. ЮНЕСКО мәдениет саласындағы нақты мандаты бар Біріккен ұлттар ұйымының жалғыз мекесі болғандықтан, Бас ассамблея біздің ұйымға Онжылдықты әлемдік деңгейде өткізу бойынша БҰҰ-ның жетекші мекемесі рөлін жүктеді.

ЮНЕСКО-ның қазақстандық режиссер Шәкен Аймановтың 100 жылдығын ресми естелік күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгізгені белгілі. Сондықтан мерейтойлық «Еуразия» кинофестивалінің басты оқиғасы көрнекті қазақстандық режиссердің туғанының тойлануы біз үлкен қуантарлық жайт.

Кинематограф адам өміріне әсер ететін, әлемдік мәдени дамуға әсер ететін ең маңызды әрі танымал өнер түрінің бірі болып табылады. Шәкен Аймановтың фильмдері көрерменге адамгершілік пен төзімділікті үйретеді. Оның кейіпкерлері айналасындағыларға қатысты және жоғары рухани құндылықтарды түсіну тұрғысынан мейірбан әрі дана. Дәл осындай фильмдер жаңа ұрпаққа өзіндік қазақстандық мәдениетті сақтауға және дамытуға, және бүгінгі әлемде болып жатқан оқиғаларды жаңаша түйсінуге көмектеседі. Біз бүгінде әлемді қорғау, демократия және адам құқықтары, кедейлікпен күрес, әлемдік мұраны сақтау, руханилықты жаңғырту, адамзаттың тұрақты дамуына ықпалдасу сияқты кешенді міндеттерді шешуше жаңа шешімдер іздейміз емес пе.

Сөз соңында Біріккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясы 2015 жылдан кейін мәдениетті даму саласындағы күн тәртібінің басты элементі ретінде қарастыратынын айтып өтуге рұқсат етіңіздер. Атап айтқанда, барлық деңгейлердегі даму саласында саясат пен стратегиялар мәдениеті мәселелерін әлдеқайда елеулі әрі тиімді есепке алуды қамтамасыз ету маңыздылығы айтылады. Мәдениет индустриясының құраушы бөлігі ретінде кинематографтың бүкіләлемдік экономикалық өсуге, әлеуметтік дамуға, тұрақтылық пен мұраны сақтауға септігін тигізе алатыны заңды құбылыс.

Мерейтойлық «Еуразия» кинфестивалі жемісті болып, сәтті өтеді деген сенімдемін.