РУС   ENG

Шәкен Аймановтың 100 жылдығы

Оныншы мерейтойлық «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің басты оқиғаларының бірі көрнекті қазақ кинематографисі, актері әрі режиссері, КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың туылғанына жүз жыл толғанын тойлау болмақ. Бұл күн ресми түрде ЮНЕСКО күнтізбесінің естелік күндер және оқиғалар күнтізбесіне кірді.

Отандық кинематографияны аяғына нық тұрғызған классиктің мерейтойына орай фестиваль аясында төмендегілерді қамтитын бірқатар іс-шаралар өтеді:

  • Болат Нүсімбековтің «Шәкен Айманов» деректі фильмінің тұсаукесу көрсетілімі,
  • Шебердің «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атамекен», «Атаманның ақыры» сияқты үздік туындылары мен Шәкен Айманов басты рөлді сомдаған Ефим Дзиганның «Жамбыл» картинасының ретроспективті көрсетілімдері,
  • Шәкен Аймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап-альбомның таныстырылымы,
  • Еске алу кеші

Шәкен Аймановтың шығармашылық жолы 1933 жылы басталды. Сол жылы Ғабит Мүсіреповтің шақыруы бойынша жас актер Алма-Атаға келіп, Қазақ драма театрының (қазіргі Әуезов ат. Қазақ академиялық драма театры) труппасына қабылданды. Театрда жұмыс жасаған жылдары ішінде Шәкен Кенжетайұлы ондаған спектакльде ойнап, сахнада Ақан сері, Исатай Тайманов, Алдар көсе, Отелло, Қобыланды және басқа да классикалық және тарихи тұлғаларды сомдады. 1947 жылы Айманов бас режиссер және көркемдік жетекші болып, сол сахнада Островскийдің, Мүсіреповтің, Әуезовтің және басқаларының пьесалары бойынша спектакльдер қойды.

Театрдағы жұмысымен қатар Шәкен Айманов кинематографта белсене жұмыс жасай бастады. Оның актер ретінде түскен алғашқы туындысы – Қазақ КСР аумағында түсірілген алғашқы көркем фильм – «Амангелді» болды. 1954 жылы Айманов кинорежиссураға бет алды. Сөйтіп, Карл Геккельмен бірге «Дала қызы» картинасын қойды. Одан кейінгі жылдарда, дәм-тұзы таусылғанша, Шәкен Айманов өзін қазақ кинематографының іргетасын қалауға арнады. Осы жолда «Алдар көсе», «Атамекен», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» сияқты отандық кинематографтың классикасына айналған туындыларды дүниеге әкелді.

Фестиваль бағдарламасының аясында мына фильмдер көрсетіледі:

  • «Жамбыл», ҚазКСР, 1952, реж. Ефим Дзиган,
  • «Біздің сүйікті дәрігер», ҚазКСР, 1957, реж. Шәкен Айманов,
  • «Тақиялы періште», ҚазКСР, 1968, реж. Шәкен Айманов,
  • «Атаманның ақыры», ҚазКСР, 1970, реж. Шәкен Айманов.


Ашылу салтанатының фильмі - «Атамекен», КСРО, 1966 ж., реж. Шәкен Айманов.

«Шәкен Аймановтың 100 жылдығы» бағдарламасына кірген фильмдерден үзінді