РУС   ENG

X «Еуразия» ХКФ: Үшінші күн

Автор: Пресс-служба on . Posted in 2023

Мерейтойлық «Еуразия» халықаралық кинофестивалі бел ортасына келді.

Кинофестивальдің үшінші күні қазылар негізгі байқауға кірген төрт картинамен танысты. Оның арасында қазақстандық режиссердің «Дала үні» де бар.

«Ерекше оқиға» бағдарламасының аясында қазақстандық көрерменмен кореялық кинематограф жұлдызы – «Самға» картинасына түскен актриса Канг Су Ен және Х «Еуразия» ХКФ қазылар мүшесі режиссер Цзя Чжанке кездесті. Цзя Чжанке фестивальге «Натюрморт» фильмін әкеліп отыр.

Байқау бағдарламасы картиналарының көрсетілімдерінен басқа, фестивальдің қазылар алқасы мен қонақтары «Қазақфильм» киностудиясына барып, қазақстандық киноөндіріс ерекшеліктерімен, сонымен қатар еліміздің мәдениетімен танысып қайтты. Сол мақсатта киностудияда этно-ауыл ұйымдастырылды.

«Қазақфильмде» ұлы қазақ актері әрі режиссері Шәкен Аймановтың жүз жылдығына арналған кітап-альбомның тұсауы кесілді. Тұсаукесер кезінде тілшілермен Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев және Әлімғазы Райынбеков сияқты отандық кинематограф майталмандары кездесіп, Шәкен Кенжетайұлының картиналарындағы жұмыстарын еске алды. Актерлерге «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ахмадиев, жазушы Қасым Бегалин және кинотанушы Бауыржан Нөгербек қосылды.

«Цезарь» кинотеатрындағы тұсаукесермен қатар Болат Нүсіпбековтің «Шәкен Айманов: аңыз адам» деректі фильмінің тұсауы кесілді.