РУС   ENG

X «Еуразия» ХКФ: Екінші күн

Автор: Пресс-служба on . Posted in 2023

«Еуразия» халықаралық кинофестивалі киносүйер қауымды елеулі кинооқиғалармен және кездесулермен қуантуын жалғастыруда.

Фестивальдің екінші күнінде халықаралық байқауға кірген картиналар көрсетілімі басталды. Қазылар алқасы «Тастағы естеліктер» (Ирак, Германия), «Ереже бұзған ынталылар» (Хорватия), «Бота» (Албания, Италия) және «Тыныш... Қыздар жыламайды» (Иран) секілді картиналарды қарады. Мұнан басқа, «Қазақ «жаңа толқынының» 30 жылдығы», «Кинокөпір: Шығыс-Батыс» байқаудан тыс бағдарламаларына кірген фильмдер мен Шәкен Айманов пен Сергей Соловьев ретроспективаларының бірінші фильмдері көрсетілді. «Қарқынды дамушы қазақ киносы» бағдарламасының аясында Нариман Төребаевтың «Шытырман оқиға» картинасының (оның тұсаукесері Карловы Варыда болған) Қазақстандағы бірінші көрсетілімі өтті. Сонымен қатар өткен жылы ең көп касса жинаған картиналардың бірі – Сәкен Жолдасовтың «Сен және мен» фильмі ұсынылды.

«Рахат Палас» қонақүйінде орналасқан фестиваль орталығында корейлік кинематографистер мен KOFIC ұйымы өкілдерінің қатысуымен «Корейлік кинематографтың даму ерекшеліктері» тақырыбына дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел отырысына «Қазақфильм» АҚ мен «Еуразия» ХКФ президенті Ермек Аманшаев қатысты.

Дөңгелек үстел отырысы аяқталысымен Ермек Аманшаев, KOFIC өкілі Вуди Ким, режиссерлер Ли До-Юн мен Ким Чже Хан, актриса Канг Су Ен баспасөз конференциясын берді. Оның барысында KOFIC пен «Қазақфильм» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Еуразия» ХКФ екінші күні «Бүгінгі кәріс киносы» бағдарламасының салтанатты ашылуымен және Ли До-Юнның «Мойындау» картинасының көрсетілуімен аяқталды.